KITF 2025 АЛМАТЫДА ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ: ЖАҢА БАҒЫТТАР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫСУДЫҢ АРТУЫ ЖӘНЕ ТУРИЗМДІ ДИАЛОГ АРҚЫЛЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ
БҮГІН, 23 СӘУІР КҮНІ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «АТАКЕНТ» КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫНДА ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢ КӨП КҮТІЛЕТІН ШАРАЛАРДЫҢ БІРІ – 23-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ» – KITF 2025 КӨРМЕСІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ.
Іс-шара халықаралық байланыстар орнатуға, туристік бағыттарды ілгерілетуге және келу, шығу және ішкі туризмді дамытуға арналған кәсіби алаң ретіндегі мәртебесін тағы да растады.
Көрмеге Әзірбайжан, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Грекия, Грузия, Египет, Үндістан, Италия, Қазақстан, Катар, Қытай, Куба, Қырғыз Республикасы, Латвия, Малайзия, Мальдив аралдары, БАӘ, Ресей, Румыния, Словакия, Словения, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Черногория, Чех Республикасы, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты 31 елден 533 компания қатысты. Ұлттық және өңірлік стендтерді 15 ел мен Қазақстанның 14 өңірі, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Кёнгидо провинциясы ұсынды.
2025 жылы қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 8%-дан астамға өсті. Көрмеде 93 қазақстандық және 438 шетелдік өкіл өз өнімдерін ұсынды, бұл халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына қызығушылығының артқанын көрсетеді. Туризм саласындағы инвесторлар мен өндірушілер үшін еліміз барған сайын тартымды болуда. Көрмеге алғаш рет қатысқан компаниялар қатарында: GTO KZ, SATGURU TRAVEL & TOUR SERVICES, My Travel, MAYERVEDA Kislovodsk, Qazaq Auyl, SIA DREAM VOYAGE, HTF Limited. Сондай-ақ, экспо-шара аясында жаңа туристік бағыттар ретінде алғаш рет Латвия мен Ұлыбритания ұсынылып, көрменің географиясын кеңейтіп, өзара туристік алмасуға қосымша мүмкіндік берді.
Көрме ресми ашылу салтанатымен басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм комитеті төрағасының орынбасары Ержан Еркінбаев, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова, Қазақстандық Iteca көрме компаниясының директоры Борис Даниленко, сондай-ақ қатысушы елдердің елшіліктері мен бас консулдықтарының өкілдері, салалық қауымдастықтар мен одақтардың өкілдері қатысты. Іскерлік байланыстарды дамыту және өз елдерінің ұлттық компанияларын қолдау мақсатында көрмені Әзербайжан, Армения, Қытай, Қырғызстан, Грузия, Малайзия, БАӘ, Румыния, АҚШ, Тайланд, Түркия, Өзбекстан елдерінің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық іскер топтардың өкілдері тамашалады.
Құттықтау сөзінде Е. Еркінбаев келесідей атап өтті: «Біздің туризмді дамытуға бағытталған бірлескен күш-жігеріміз өз жемісін беруде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 10,5 миллионнан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға көп. Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік қонақ келді, олардың 10,4 миллионы елімізде бір күннен артық уақыт болды». KITF көрмесі де туризм әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады. «KITF — жай ғана көрме емес. Бұл – диалогқа, тәжірибе алмасуға және сенімді нығайтуға арналған алаң. Осы күндері жаңа бастамалар туып, келісімдерге қол қойылып, бірлескен жобалар іске қосылады деп сенемін – мұның бәрі саланың ілгерілеуіне серпін береді», — деді Е. Еркінбаев.
Көрме аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің Армения, Румыния және Өзбекстан туристік ведомстволарының әріптестерімен жабық кездесулері өтті. Бұл елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара қызығушылық пен халықаралық серіктестікті кеңейтуге деген ұмтылысты білдіреді.
Сондай-ақ бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Visit Astana мен Visit Almaty өзара тиімді серіктестікті дамыту және Астана мен Алматы қалаларының туристік тартымдылығын арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттарды ескере отырып, ішкі және халықаралық туризмді ілгерілетуге бағытталған меморандумға қол қойды.
Көрмемен қатар семинарлық аймақтарда KITF Travel Forum өз жұмысын бастады. Биылғы жылдың тақырыбы — TREND ZONE: BEYOND TRAVEL. Форумның бірінші күнінің мазмұнды бағдарламасына туризм саласындағы жаһандық өзгерістерге, бизнестің бейімделуіне, жаңа технологияларға және негізгі даму трендтеріне арналған 5 сессия кірді.
Көптеген тыңдаушылардың қызығушылығын тудырған сессиялар: «Next-gen travel: стратегиялар және индустрия трансформациясы», «Жаңа бағыттар: Азиядағы бум, combi-tours, цифрлық визалар мен қағазсыз шекаралар», «Авиация 2025+: жаңа бағыттар, аспандағы бәсекелестік және жолаушылар үшін жарыс», «Дербестендіру және технологиялар: big data, ЖИ-ден болжамды туризмге дейін», «AMBASSADOR TRAVEL: Блогерлер индустриядағы басты ойыншыларға қалай айналады?».
Әрбір сессия тәжірибелік кейстер мен аналитикалық болжамдардың көзіне айналып, қатысушыларға өзгерістерге бейімделуге және туризм нарығындағы тиімді стратегияларды қалыптастыруға арналған өзекті құралдарды ұсынды.
Форумның іскерлік бағдарламасы көрменің үш күнінде де жалғасады, әрі кәсіби қауымдастық үшін тың идеялар мен пайдалы контент ұсынады. KITF Travel Forum-ның ерекше форматы қатысушыларға тек білім алып қана қоймай, әріптестерімен белсенді байланыс орнатуға, пікірталастар мен панельдік сессияларға қатысуға және нетворкинг жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, KITF Travel Forum кәсіби дамудың ажырамас бөлігіне айналып, туризм индустриясында стратегиялық диалогқа арналған маңызды алаң ретінде танылды.
Алғаш рет форум аясында «Умай» көркемөнер мектебімен ынтымақтастық жүзеге асырылды, активті және шытырман туризмге арналған KITF SILKROAD TRAVEL арнайы секциясы іске қосылды, сондай-ақ Taste & Travel аймағында гастрономиялық туризм тақырыбы қайта ұсынылды.
Туризм саласы кәсіпқойлары арасындағы нетворкингті тиімді жүргізу мақсатында жаңа қарым-қатынас форматы – кофе-рейв енгізілді.
Жыл сайын көрмеге деген қызығушылық артып, оның ауқымы мен географиясы кеңеюде, бұл Қазақстанның халықаралық туризмнің стратегиялық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. KITF – бұл тек туристік өнімдердің көрмесі ғана емес, сонымен қатар өңірде және одан тыс жерлерде индустрияны тұрақты дамытуға жол ашатын мүмкіндіктер алаңы.
Ресми серіктестері: KOMPAS TOUROPERATOR, Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігі
Іскерлік бағдарламаның серіктестері: Trand Buro компаниясы және Success Travel Academy
Ресми қолдау көрсетушілер: Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, Kompas компаниясы, « Қазақстанның туристік қауымдастығы» ЗТБ.
Көрме 25 сәуірге дейін жалғасады. Туризм саласы мамандарын іс-шараның ресми сайтында алдын ала тіркелу арқылы күтеміз.