23-ШI ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ "ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ" КӨРМЕСІ

23-25 сәуір 2025

23-ШI ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ "ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ" КӨРМЕСІ

23-25 сәуір 2025

ӨЗІҢІЗДІ ТАНЫТУҒА МҮМКІНДІК KITF 2025 КӨРМЕСІНДЕ: СТУДЕНТТІК БИЗНЕС-ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ

23-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ» – KITF 2025 КӨРМЕСІНІҢ БАСТАЛУЫНА ЕКІ АЙ ҚАЛҒАНДА БІЗ «МЕН ТУРИЗМДІ ТАҢДАЙМЫН!» СТУДЕНТТІК БИЗНЕС-ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫН ЖАРИЯЛАУҒА ҚУАНЫШТЫМЫЗ.

Бұл байқау Қазақстандық көрме компаниясының негізін қалаушысы және алғашқы басшысы Эдвард Струнның 60 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Байқаудың тең ұйымдастырушылары ретінде Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің халықаралық туризм менеджменті кафедрасы және қонақжайлылық менеджменті кафедрасы атсалысады.

Байқау серіктесі ретінде дәл осы университеттің таңдалуы ерекше мәнге ие. Себебі, бұл оқу орны Эдвард Струнның кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарды – 30 жыл бұрын ол дәл осы университет қабырғасында еңбек жолын бастаған. Бүгінде университет әлемнің 10 тілінде білім беретін жетекші көпсалалы ғылыми-білім беру мекемесі болып қала береді. Ал халықаралық туризм менеджменті және қонақжайлылық менеджменті кафедралары Қазақстанның туристік саласын дамытып, оны халықаралық деңгейге көтере алатын болашақ мамандарды даярлайды. Қазіргі таңда ҚазХҚжӘТУ студенттерінде өз әлеуетін көрсетіп қана қоймай, өз идеяларына саланың жетекші сарапшыларынан кәсіби баға алу мүмкіндігі бар.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жобаларды алдын ала іріктеу, 2025 жылғы 15 наурыз бен 30 наурыз аралығында өтеді. Финалға өткен жобалар KITF көрмесінің алаңында тәуелсіз кәсіби қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Қазылар алқасының құрамына мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің және Iteca компаниясының өкілдері кіреді.

Конкурс финалистерінің жеңімпаздарын анықтау орны ретінде KITF көрмесінің таңдалуы кездейсоқ емес – бұл Орталық Азиядағы туризмді дамытуға арналған басты алаң. KITF көрмесі жетекші нарық ойыншыларын, мемлекеттік өкілдерді және халықаралық серіктестерді біріктіре отырып, жаңа туристік бастамалардың қалыптасуына, тәжірибе алмасуға және инновациялық шешімдерді енгізуге қолайлы жағдай жасайды. Осындай маңызды іс-шара аясында байқау финалының өткізілуі – жастар идеяларының индустрия болашағы үшін маңыздылығын айқындап, қатысушыларға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашады. Үздік жобалар тек ақшалай сыйлықтармен марапатталып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның туристік экожүйесінде нақты қолдау мен әрі қарай даму мүмкіндігіне ие болады.

Байқаудың мақсаты – жастарды инновациялық туристік жобаларды іске асыруға тарту, Қазақстанның туристік ресурстары туралы олардың хабардарлығын арттыру арқылы патриоттық сезімін қалыптастыру. Байқау туризм саласындағы креативті идеяларды анықтауға бағытталған. Оған 1–4 курс студенттері қатыса алады, олар туристік маршруттарды дамыту, өлкетану туризмі, жарнамалық-ақпараттық қызмет, сакралды туризм, ішкі және сыртқы туризм және өзге де өзекті бағыттар бойынша жобаларын ұсынады.

2024 жылғы көрменің табысты нәтижелерін ескере отырып, 5 000-нан астам келуші мен 406 қатысушыны біріктірген KITF 2025 өз ауқымы мен мазмұнын одан әрі кеңейтіп, индустрия өкілдерінің санын арттыруды көздейді.

Қазіргі уақытта Таиланд, Малайзия, Оңтүстік Корея, Жапония, Вьетнам, Грузия, Әзербайжан, Словения, Қазақстан және Ресей (Санкт-Петербург пен Алтай өлкесінің стендтері) ұлттық топтары экспонент ретінде тіркелген.

Іскерлік бағдарламаның негізгі бөлігі KITF Travel Forum болады, оның аясында семинарлар мен презентациялар өтеді. Бұл сессияларға қатысу туризм саласындағы жас мамандарға өзекті трендтер туралы білім алуға және индустрияның дамуындағы маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Іс-шараға ресми қолдау көрсететіндер: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, Kompas компаниясы және «Қазақстандық туристік ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі.

Көрменің ұйымдастырушысы – Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі ICA Events компаниялар тобы.

KITF 2025 өзінің басты миссиясын жалғастыруда – Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту және кәсіби қауымдастық пен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау. Бұл бірегей іс-шараның бір бөлігі болу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!